Астанада үстіне футбол қақпасы құлап кеткен 6 жастағы қыздың анасы кінәлілердің жауапқа тарылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Almaty.tv мәліметінше, осыдан шашамен 1 ай бұрын ауыр жарақат алған бала 3 күн бойы есін жия алмаған.
Ямур есімді кішкентай қыздың үстіне қақпа құлап кеткен. Анасы Ақпейіл Қаратаеваның сөзінше, сол күні кешке қызы әдеттегідей аулаға ойнауға шыққан. Өзінен жасы үлкендеу қыздар футбол қақпасымен ойнап тұрған сәтте ауыр темір Ямурдың үстіне құлаған.
Оқыс жағдай болған кезде оқиға орнына алғаш болып Ямурдың әкесі жеткен. Ол қызының әрең сөйлеп жатқанын байқап, дереу жедел жәрдем шақыртқан. Ауруханаға жеткенде ақ халаттылар оған баладан айырылып қалуы мүмкін екенін айтқан.
«Қызды екі аптадай мүлдем қозғауға болмайтын болды. Тіпті басын көтермейтін. Басында зонтпен тамақтанып жүрді, сосын қасыққа көшіп, жақсарып келеді. Бізге дәрігердің айтуынша, өте ұзақ реабилитация болады. Ол 1-2 жыл болуы мүмкін, – деді зардап шеккен қыздың анасы Ақпейіл Қаратаева.
Биыл ата-анасы Ямурды бірінші сыныпқа бермекші болған. Мектепке керектінің бәрін алып, дайындалып та қойғанын айтты. Болған жайттан кейін жақындары қыздың еміне көңіл бөлу керек деп, жоспардың өзгергенін жеткізді.
«Мектепке баруға мүмкіндік болмай тұр. Бір айдан кейін 7-ге толады. Өзінің қатарынан қалып, келесі жылға қалатын болды», – деді Ақпейіл Қаратаева.
Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға жеткізілгенде балақайдың жағдайы аса ауыр болған. Ол жабық бас-ми жарақатын алған, миына қан кеткен. Тексеру кезінде маңдай және шүйде сүйектерінің сынғаны да белгілі болған.
«Келіп түскен кездегі жағдайы ауырғ есін жия алмай жатты. Түскен күні операция жасалды, қарынша ішілік сыртқы дринаж қойылды. Шүйде сүйегі кронектамиясы жасалды. Қазіргі жағдай қанағаттанарлық, неврологиялық дефициттері жоқ, шығуға дайындалып жатыр», – деді №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ерасыл Батырханов.
Полиция департаментінің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, бұл дерек бойынша «сапасыз орындалған жұмыс, соның салдарынан денсаулыққа зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалыпты.
«Оқиға Елордадағы спорт алаңдарының бірінде болған. Жарақат алған жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция жауапты тұлғаларды спорт нысандарының техникалық жағдайын бақылауға алуға және балалардың қоғамдық орындарда қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы Эльмира Шәуленова.
Ал бейнежазбадан қызметкерлердің оқиға болған жердегі футбол қақпасын қайта жөндеп, оны бекітіп жатқанын байқауға болады. Жауаптыларды іздеп, құрылыс компаниясымен байланысқа шыққанымызда олар «футбол алаңы балансында емес» деп жауап берді.
«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 69-бабына сәйкес, құрылыс объектілерін пайдалануға кепілдік беру мерзімі объектіні қабылдаған күннен бастап екі жылдан кем болмауы тиіс. «Шығыс» 3А тұрғын үй кешеніне қызмет көрсетудің кепілдік мерзімі 2024 жылдың 11 шілдесінде аяқталды. Осыған байланысты біздің компания көрсетілген мерзімнен бастап аталған тұрғын үйге қызмет көрсетуге жауапты емес», – деді құрылыс компаниясының баспасөз қызметі.
Ямурдың ата-анасы кінәлілердің тезірек анықталып, жауапқа тартылғанын қалайды. Қыздың әрі қарайғы еміне кететін барлық шығынын өтеп беруін сұрап отыр.