Қараусыз малдан жол-көлік оқиғалары артуда

Бүгін, 11:48 / Қайсар Қалам
Сурет: полиция

Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері мен  «ҚАЖсервис» ЖШС Абай облыстық филиалының мамандары бірлескен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

Іс-шараға Абай облысы ПД Жаңасемей АПБ учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Азамат Қалиев, Жол қозғалысы қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Түсіппаев Ержан және 26-жол пайдалану басқармасының бас инженері Рахимов Айдар қатысты.

Мамандар республикалық маңызы бар трассалар бойында орналасқан мал шаруашылығы нысандарының иелерімен кездесіп, жол бойында қараусыз жүрген малдардың салдарынан туындайтын қауіптер жайында жан-жақты ақпарат берді. 

Жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуіне себеп болып отырған басты факторлардың бірі – қараусыз жүрген мал екені айтылып, оны болдырмау үшін нақты шаралар ұсынылды.

Кездесу барысында мал иелеріне арнайы жадынамалар таратылып, қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. 
Полицейлер тек бақылау мен қадағалаушы орган ретінде ғана емес, сонымен қатар тұрғындармен ашық диалог орнатып, жол апаттарының алдын алу жолдарын бірлесіп қарастырушы ретінде де әрекет етті.

Сонымен қатар, азаматтардың жеке өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша жауаптар берілді. 

Қатысушылар жол бойында мал ұстау мәдениетін арттыру қажеттігін атап өтіп, бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

Абай облысы Полиция департаментінің Патрульдік полиция ротасы мен аумаққа жауапты учаскелік полиция инспекторлары да бұл бағытта белсенді жұмыс атқаруда. Олар республикалық маңызы бар автожолдарды тұрақты түрде патрульдеп, жолдың жүріс бөлігіне үй жануарларының, әсіресе ірі қара малдың шығып кетпеуі үшін алдын алу шараларын қолға алып отыр. 

Патрульдік қызметкерлер жүргізушілер мен мал иелеріне ескерту жұмыстарын жүргізіп, қауіпті учаскелерде кезекшілік ұйымдастыру арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алуда.

Тэгтер:

жол көлік апат мал