Зеленский: Ресей әскерін Сум облысынан ығыстырамыз, Донбасты бермейміз

Бүгін, 16:35 / Қайсар Қалам
Сурет: Office of the President of Ukraine

Украина президентінің айтуынша, Ресей қарулы күштері Украинадағы Сум облысының шекаралас учаскелерін ұстап қала алмайды және "болашақта Харьков облысын да ала алмайды". Владимир Зеленский сондай-ақ Донецк облысынан әскерін әкетпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Зеленскийдің айтуынша, Ресей Украина Сум облысын алмайды және қазіргі таңда тұрған шекарадағы учаскелерін де ұстап қала алмайды. 

"Бүгінгі жағдайда бұл уақыттың ғана мәселесі – бірнеше ай, сосын олар Сум облысында болмайды. Сондай-ақ менің ойымша, болашақта олар Харьков облысын да ала алмайды", – деді Украина басшысы. 

Ол сондай-ақ Ресейдің Украинадағы Николаев облысындағы Кинбурн мүйісін "қайтаруға дайын" екені туралы әңгімелерге қатысты: бұл жер оларға "теңізді бұғаттау үшін ғана қажет" болуы мүмкін екенін айтты.

Зеленский Донецк облысынан әскер шығаруға қарсы

"Барлық уақытша оккупацияланған жерлерге қатысты (Херсон, Запорожье, Донецк, Луган облыстарының бөліктері және 2014 жылы Ресей аннексиялаған Қырым – Ред.), біз заң жүзінде оккупацияны мойындамаймыз", – деді Зеленский.

Президенттің айтуынша, ол Дональд Трампқа қазіргі таңда Ресейдің Донецк облысының 67–69%-ын басып алғанын түсіндірген. Оның үштен бірі толық масштабты соғыс басталғанға дейін, тағы үштен бірі кейін оккупацияланған. "Олардың биылғы жылдың соңына дейін бүкіл Донбасты басып алады деген әңгімелері – бос сөз. Ол үшін оларға әлі төрт жыл керек. Бұл – біздің жеріміз", – деді Зеленский.

"Егер біздің әскери күштер бұл аумақтан кетсе, онда Ресейге Харьковқа жол ашылады. Мен оған (Трампқа – Ред.) Днепрге апаратын жолдарды көрсеттім. Бұл – Украинаның өнеркәсіптік орталығы. Сондықтан біз Шығыстан кете алмаймыз. Бұл тек Конституция мәселесі емес, бұл – еліміздің өмір сүру мәселесі. Бұл – ең мықты қорғаныс шептері, өнеркәсіптік орталықтарға дейінгі арақашықтық туралы мәселе", – деп қосты Украина президенті.

Оның айтуынша, украин әскерлері әлі де Ресейдің Курск облысында. "Курск облысында біз өз қатысуымызды сақтап отырмыз. Соның арқасында онда он мыңдаған ресейлік әскери күш байланып тұр, оларды Донецк облысына немесе басқа бағыттарға жібере алмайды", – деді Зеленский.
 

Тэгтер:

ресей украина Трамп Зеленский