Әлемге "ең жанашыр судья" деп танылған заңгер қатерлі ісіктен қайтыс болды

Бүгін, 20:34 / Ахмет Қанатұлы
facebook.com/therealfrankcaprio. Суретте: Фрэнк Каприо

Әлемдік ақпарат құралдары америкалық судья Фрэнк Каприоның өмірден өткенін хабарлады, деп жазады Arasha.kz.

Оны көпшілік "әлемдегі ең мейірімді және ең түсінігі мол судья" деп атайтын. Сот залындағы оның адамгершілікке толы шешімдері мен қарапайым халыққа жасаған жанашырлығы туралы видеолар әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап, әлем жұртшылығын тәнті еткен еді.

88 жасқа қараған шағында Каприо ұйқыбез обырымен ұзақ күрестен кейін дүниеден өтті деген ресми хабарлама оның Instagram-парақшасында жарияланды.

"Фрэнкті адамдар оның жанашырлығы, қарапайымдылығы және мейірімге деген сенімі үшін ерекше жақсы көрді. Соттағы қызметі арқылы ол миллиондаған жанның жүрегіне жол тапты. Әзіл-қалжыңы, жылылығы мен адамгершілігі оны таныған әрбір адамның есінде мәңгі сақталады. Ол тек құрметті судья ғана емес, сүйікті жар, әке, ата және адал дос ретінде де есте қалады", – делінген жазбада.

Фрэнк Каприо АҚШ-тың Род-Айленд штаты Провиденс қаласының сотында шамамен қырық жыл қызмет атқарған. Оның бейнероликтері жергілікті жұрттан бөлек, бүкіл әлем бойынша кең таралып, әділет пен мейірімділіктің символына айналды.

Судьяның қазасына байланысты көптеген жан әлеуметтік желіде жүрекжарды пікір қалдырып, оның адамдық болмысына тәнті болғандарын жеткізуде.

Тэгтер:

АҚШ судья Фрэнк Каприо