Мектеп оқушысы 40 жылдан бері келе жатқан гипотезаны жоққа шығарды

Бүгін, 12:55 / Марғұлан Ақан
Фото: ашық дереккөзден алынды

El País жазуынша, АҚШ-та оқитын мектеп оқушысы Ханна Каиро гармоникалық талдау саласындағы көпжылдық ашық мәселені теріске шығаратын контрмысал ұсынды. Мамандар қауымы 1980 жылдан бері шынайылығын дәлелдеуге тырысқан Мизохата–Такэути гипотезасы универсалды дұрыс емес екені осылайша көрсетілді.

Ханна бірнеше ай бойы есептің қиындығын түсінуге тырысып, ақырында фракталдар негізінде контрмысал жасаған. Ол тапсырманы «жиілік кеңістігіне» қайта тұжырымдап, құрылымды барынша қарапайым тәсілмен құрастырған. Шешімнің дұрыстығына Берклидегі Калифорния университетінің профессоры Руисян Чжан уақыт бөліп, мұқият тексерген.

Мәселе гармоникалық талдау мен Фурье шектеулері теориясына жатады: шектеулі типтегі «толқындардан» қандай геометриялық объектілерді құрастыруға болатыны зерттеледі. Гипотеза белгілі бір толқындармен жұмыс істегенде шығатын пішін сызықтардан тұрады деп болжаған. Ханнаның контрмысалы бұл болжамның жалпы жағдайда орындалмайтынын көрсетті.

Ханна Каиро Нассаудан (Багам аралдары) АҚШ-қа көшіп келген. Орта мектепте оқи жүріп, Берклидегі жоғары оқу орнының курстарына қатысқан. Профессор Чжан оған гипотезаның жеңілдетілген нұсқасын (қаласа — түпнұсқасын) қарастыруды ұсынғаннан кейін, оқушы зерттеуге шындап кіріскен.

Жас зерттеуші Испанияда өткен Гармоникалық талдау және дифференциалдық теңдеулер бойынша 12-ші халықаралық конгрессте баяндамасын жасап, алғашқы рет ірі ғылыми форумға қатысты. Оның нәтижелері математиктер қауымында жоғары бағаланды.

Ханна қазір Мэриленд университетіне түсіп жатыр және өз ғылыми тобын құруды жоспарлайды. Сондай-ақ жас математиктерді қолдайтын Испанияның ICMAT бағдарламасымен ынтымақтаспақ.

Тэгтер:

оқушы университет Ханна Каиро Мизохата–Такэути гипотеза