Бүгін Өскеменнің Согра ықшамауданында қайғылы оқиға болды. Екі әйел теміржолды кесіп өтіп бара жатқанда ресейлік жолаушы пойызы қағып кетті, деп хабарлайды Arasha.kz.
– Алдын ала деректер бойынша пойыз екі әйелді қағып кеткен, біреуі қаза тапты, екіншісі көпжарақат алып, ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлады ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнеролик авторының айтуынша, жергілікті тұрғындар бұл аумақта жаяу жүргінші өткелін ережеге сай жабдықтау үшін прокуратураға бірнеше рет жүгінген. Алайда ол орындалмаған. Мүмкін, осы жағдай қайғылы оқиғаға себеп болған шығар. Қалай болғанда да, бұл істі тиісті органдар тексеретін болады.
– 2025 жылдың 22 тамызында қозғалыс қауіпсіздігі немесе теміржол көлігін пайдалану ережелерін бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соққан дерек бойынша «Өскемен-1» станциясындағы Линейлік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесінде жария етілмейді, – деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.