"Қайраттың" қақпашысы Александр Заруцкий УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы кездесуде шотландиялық "Селтикке" қарсы ойында ауыр жарақат алды, деп Arasha.kz тілшісі Sportinside.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан құрамасының негізгі қақпашысы матчтың 71-минутында тізесінен жарақат алды. Алдын ала болжам бойынша, спортшының тізе буыны қатты зақымданған. Осыған байланысты ол маусым соңына дейін алаңға шықпай қалуы мүмкін. Дәл нақты диагноз толық медициналық тексерістен кейін анықталады.
Айта кетейік, алматылық команданың қақпа сақшылары қатарында Заруцкийден бөлек Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмұрза бар.
Еске сала кетсек, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойында "Қайрат" пен "Селтик" тең ойнады – 0:0. Қайта жауап матчы Алматыда 26 тамыз күні өтпек.