Құпия болған 700 мыңнан астам құжат ашылды

Бүгін, 12:52 / Кәмшат Тасболат

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бір топ журналист, ақын-жазушы, білім саласының мамандарымен кездесті. Қазір елімізде атқарылып жатқан ең үлкен дүние – ұлттық мүддеден туындап, мемлекеттік идеологияға дейін ұласқан тарихты түгендеу жұмысы. Шыны керек, бұған дейін бірқатар посткеңестік елдер, тіпті Ресей түгілі Татарстанның өзі “Татар тарихының көптомдығын” шығарыпты. Бұл тұста елімізде сонау  Ежелгі Қазақстаннан бастап, күні бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі тарих қамтылған жоба жүзеге асып жатыр. Ол “Қазақстан тарихының 7 томдығы. 5 ғылыми институт, сонымен қатар Берік Әбдіғали басқаратын Ұлттық мұражай мен мемлекеттік музей, белгілі тарихшылар мен ғалымдар атсалысып жатқан жобаның әр томы ғылыми дәлелдер, иллюстрациялар, тарихи фактілер, қазақ мемлекетінің көнеден келе жатқанын дәлелдейтін көне карталарға толы болмақ. 

Өкінішке қарай, елімізде “Қазақстан тарихының жазылуына ресейлік ғалымдар араласады” дегендей алыпқашпа әңгіме де тараған еді. Бұл теріс ақпаратқа да тоқтам қою үшін тарихшылар мен ғалымдардың әр бас қосуында хаттама толтырылып, кімнің не айтқаны жазылып, бейнетаспаға дейін түсіріліп жатыр екен. Ерлан Қариннің айтуынша, елдегі мұрағаттарды ақтару барысында «Жүсіпбек Аймауытұлының өлеңі» деген құжат табылған. Бұл өлең Ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды қалалық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде сақталған. «Тез өлмен» өлеңін Жүсіпбек Аймауытұлы абақтыда тергеуде жатқанда жазып, бұл шығарма қудаланған сотталушылар арасында кеңінен тарап, оларға күш-қуат, рух берген туынды болған. Бұл өлең табылғанда, нақты Алаш қайраткерінің өлеңі ме, жоқ па, бәрі сараланған. Өз өлеңі екені дәлелденген соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда сүйінші хабарды жария еткен.  

Келелі кездесуде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы қорытындыланды деген ақпар айтылды. Бұл тұста бұған дейін құпия болған 700 000 астам құжат ашылыпты. Ұлттың көшбасшылары, шекараны шегендеп қана қоймай, ұрпаққа оқулық, кітаптар жазып, ағартушылықпен айналысқан Алаш қайраткерлерінің ісіне басымдық берілген. Атқарылған жұмыс, том-том құжат Президенттік архивке өткізілген. Ал Президент архивінің бас ғимараты Астанаға көшіріліпті.
Жалпы, идеологиялық, ұлттық бірігейлікті сақтау жұмыстары өз деңгейінде атқарылып келеді. Бүгін Қазақстан дегеніміз бұл 560 жыл бұрын пайда болған, Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығы ғана емес, бұл өз заманында империя болған, тарихтағы ең ірі мемлекет саналған Түркі қағанаты, Алтын орда боп отыр. Яғни, әлемдегі, жалпы адамзат тарихындағы Топ-20 империяның бір-екеуінің мұрагері болғанымыз тағы рас. 

Бұл орайда Алтын орда, Жошы ұлысының тарихына арналған The Golden Empire фильмі түсіріліп бітіпті. Ал фильмді түсірген америкалық-түрік студиясы Netflix-пен тікелей жұмыс істейді. Ерлан Тынымбайұлының айтуынша, әр нәрсе өз уақыт-сәтімен келеді екен, мұндай масштабтағы фильмді түсіру ондаған жыл бұрын арман болса да, дәл қазір оны түсірудің сәті түсті. Себебі дәл қазір ағылшынша еркін сөйлейтін отандық актерлар легі қалыптасқан, заманауи реквизиттер дайындалған. Бір айта кетерлігі, “Ақсақ құлан” күйімен астасатын тарихи сәт те толық қамтылып отыр. Кетбұға жыраудың күйі заманауи музыкамен әрленіп ұсынылады.

Бұдан бөлек Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мектептердегі тәрбие мәселесіне де ерекше тоқталды. Осыған орай елімізде біртұтас тәрбие бағдарламасы қабылданбақ. Оған сәйкес, биылдан бастап күрделі жөндеуден өтетін мектептер бірізділікпен безендірілетін болады. Әрине, басты назар Ахмет, Әлихан сияқты Алашорда үкіметінің басшыларына беріледі. Алаш қыздары, әйелдері, «тұңғыш дәрігер, тұңғыш журналист» дегендей атқа ие қайраткерлер де ескеріледі. Ортақ құндылықтар жүйесі адамгершілік, еңбекқорлық, мейірім, қамқорлық сияқты қасиеттер оқушыларды ортақ мақсатқа жұмылдыруы керек. 

Еліміздегі тағы бір өзекті мәселе – ономастика тақырыбы. Енді көше атаулары мен ескерткіштер қою мәселесін мемлекет қатаң қадағалайды. Бұрынғыдай бөліну емес, бірігу идеясы басымдыққа ие. 

Кездесуден соң «Асыл мұра. 1500 тарихи аудиошығарма» мен Ерлан Қариннің «От Cassackia до Казахстана» атты XVI-XX ғасырлардағы еуропалық, ресейлік, азиялық карталарда безендірілген, Қазақ мемлекетінің 600 жыл бойы алғашқы, көне әлемдік карталарда болғанын дәлелдейтін тарихи кітап сыйға тартылды. 

Қазақтың күйлері мен жыр-термелері, ертегілері мен бесік жырлары, ретро әндерге дейін әлемдік Spotify сияқты платформаларға салынған. Ал әлемдік ақпараттық жүйеде сақталған мұра өміршең болмақ. Бұл қазақтың әлем мәдениетіне қосқан үлкен үлесі ғана емес, бұл ұлттық мұраның өміршеңдігіне кепілдік беретін бастама.  

Тэгтер:

Ерлан Қарин Қазақстан тарихы Асыл мұра Алаш қайраткерлері