АҚШ азаматы Қазақстан арқылы Ресейге қару-жарақ жеткізген

26 тамыз, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: АҚШ Әділет министрі

АҚШ-та қару-жарақ бөлшектерін сатумен айналысқан кәсіпкер Қазақстан арқылы Ресейге тауарларды заңсыз экспорттағаны үшін айыпталуда, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бруклин федералды прокуратурсыа 42 жастағы Максим Ларинге қарсы айыптау қорытындысын жариялады. Ол АҚШ заңдарын айналып өтіп, өз компаниялары арқылы атыс қаруына арналған бөлшектер мен тактикалық керек-жарақтарды шетелге сатып, жөнелтті деген күдікке ілінді. Олардың арасында қашықтағы нысандарды дәл көздеуге арналған Raptar құрылғысы да бар, деп жазды Orda.kz.

2022 жылдың желтоқсанынан бастап Ларин Ресейдегі серіктесімен Қазақстан арқылы заңсыз жеткізуге келіскен. Бақылаудан өту үшін ол тауарлардың құнын әдейі төмендетіп көрсетіп, жалған мазмұн жазған. Мәселен, қаптамада «киім, құрал-саймандар және қосқыш» деп көрсетілген.

Ал шын мәнінде, жәшіктердің ішінде қаруға арналған бөлшектер, шүріппе механизмдері, тұтқалар және көздеу жүйелері болған.

«Сарбаздардың суреті бар қораптар кеденде күдік туғызуы мүмкін. Қаптамаларды ауыстырамыз ба, әлде тәуекел етеміз бе?» – деп ескерткен ол хаттарының бірінде.

2023 жылдың желтоқсанында Ларин ресейлік клиентіне Raptar құрылғысын сатып алып, оны АҚШ арқылы жөнелтпек болған. Бірақ жүкті Калифорнияда арнайы қызмет өкілдері дер кезінде ұстап қалды.

Кейін ер адам Флоридада тұтқындалып, федералды сотқа жеткізілді. Ларинге бірнеше айып тағылды: АҚШ үкіметін алдау мақсатындағы астыртын сөз байласу, экспорттық бақылау заңдарын бұзу, контрабанда және жалған декларация беру.

Егер кінәсі дәлелденсе, оған 20 жылға дейін түрме жазасы кесілуі мүмкін.
 

Тэгтер:

ресей АҚШ қару-жарақ контрабанда