Нью-Йорк соты Храпуновтың ұлына қысымды күшейтті

27 тамыз, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

6 тамызда Нью-Йорк қаласының Оңтүстік округі бойынша АҚШ аудандық соты Алматы қаласы мен БТА банкінің талап-арыздары аясында бұрынғы Алматы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы Ильяс Храпуновты сот талабын орындамағаны үшін жауапты деп шешті. Бұл туралы Қазақстан Әділет министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Федералдық судья Джон Г. Кёлтл Храпуновтың соттың айқын әрі нақты талабын бұзғанын анықтады. Ол өз активтері туралы тұрақты есеп беруге міндетті болғанымен, бұл талапты орындамаған. Бұған дейін де ол сотқа құрметсіздік танытқаны үшін кінәлі деп танылып, оған 221 млн доллар төлеу міндеттелген еді. Енді сот Храпуновты активтері мен қаржы көздері туралы толық мәліметті ашық жариялап отыруға міндеттеді. Талап тағы да орындалмаса, қосымша айыппұлдар салынуы мүмкін.

Сонымен қатар, Храпунов Алматы қаласы мен БТА банкінің сот шығындарын өтеуге міндеттелді.

Айта кетейік, өткен жылы осы сотта қазылар алқасы Феликс Саттерге қарсы істі қараған. Ол Мұхтар Әблязов пен Ильяс Храпунов жымқырған қаржыны заңсыз жолмен АҚШ-қа шығаруға көмектескен деп танылып, нәтижесінде Алматы мен БТА банкінің пайдасына 32 млн доллар өндірілген.

Материалдарға сәйкес, Саттер Храпуновқа шамамен 40 млн доллар көлеміндегі ұрланған қаражатты америкалық активтерге, соның ішінде бірнеше жылжымайтын мүлік жобасына және кемінде екі жеке инвестициялық жобаға салуға көмектескен. Операциялар оның Bayrock Group, Inc. және Global Habitat Solutions компаниялары арқылы жүргізілген.
 

Тэгтер:

АҚШ соты БТА банк Храпунов Ильяс Храпунов