Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы қамауға алынды

27 тамыз, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: qostanai. мedia

Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев қамауға алынды. Бұл жағдайға облыс әкімі Құмар Ақсақалов пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұрынғы шенеунікке қатысты қылмыстық қудалау туралы ақпарат әлеуметтік желілерден белгілі болды. Жандаев бір ай бұрын ғана қызметінен басқа жұмыс пен жаңа тұрғылықты жеріне байланысты кеткен еді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов таңертең бұл дерекке қатысты пікірін білдірді.

– Бұл істі прокуратура қарап жатыр, олар баға береді. Басқа айтарым жоқ. Денсаулық сақтау жүйесі жалпыға ортақ тәртіппен жұмыс істейді, мемлекеттік сатып алуды өздері реттейді. Жандаев қызметінен әртүрлі себеппен босатылды, оның бірі – сатып алудағы кемшіліктер. Әрбір медициналық мекемеде бақылау кеңестері құрылып, олар алынатын жабдықтың қажеттілігін бағалап, барлық ақпараттан хабардар болуы тиіс. Бақылауды күшейту қажет, – деді Ақсақалов.

Белгілі болғандай, сыбайлас жемқорлыққа күдікті Жандаев отбасымен бірге көшіп барған Астанада қамауға алынған. Сондай-ақ, бұл іске байланысты Қостанай облысындағы орталық аудандық ауруханалардың бірінің бас дәрігері де ұсталғаны жөнінде ақпарат бар.
 

Тэгтер:

Қостанай қамау Данияр Жандаев