Жыл басынан бері жол апатынан 176 бала қаза тапқан

27 тамыз, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Бұл деректі ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, өлім-жітіммен аяқталған жол-көлік оқиғалары азаймай тұр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алты айдан астам уақытта 175 бала көз жұмды. Олардың жартысынан көбі — көлік жолаушылары, қалғандары — жаяу жүргіншілер, велосипед, самокат мінгендер және мопед жүргізушілері.

«Көп жағдайда ересектер ереже бұзған. Сондай-ақ балалар қауіпсіздік белдігін тақпаған. Жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту, бағдаршамның қызыл түсіне өту, абайламау салдарынан да қайғылы жағдайлар болды. Сондықтан біз оларға үнемі түсіндіріп, жолда абай болуды үйретуіміз керек. Жүргізуші жол бергеніне көз жеткізбейінше, өтуге болмайды», — деді Сұлтанбаев.

ІІМ өкілдері еліміздің жолдарында өлім-жітімнің артып келе жатқанын ақпанда да хабарлаған болатын.

Жазда балалардың қатысуымен екі резонансты апат болды. Астанада 8 жасар мектеп оқушысы Алуа Бекен автобус жүргізушісінің кесірінен екі аяғынан айырылды. Ал тамызда ШҚО Үржар ауданы Бестерек ауылында эпилепсиясы бар жүргізуші алты адамды қағып, үш бала қаза тапты.
 

Тэгтер:

бала жол апаты қаза