Алматылық «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков тарихи жеңістен кейін жанкүйерлердің зор ықыласына бөленіп жатыр, деп Arasha.kz тілшісі Sportinside.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жас спортшы Instagram парақшасына жаңа жазба жариялап, бірнеше суретпен бөлісіп: «Тарих», – деп қысқаша пікір қалдырған. Осыдан кейін қақпашының парақшасына жазылушылар күрт көбейіп, пікірлер легі толастамай түсті.
Желі қолданушылары 21 жастағы қақпашыға ерекше ұсыныстарын жаудырып, алғыстарын жеткізуде. Бірі оған костюм мен көлік сыйлағысы келсе, енді бірі ұлына Темірлан есімін беретінін жазды.
"Сізді Атырауда күтеміз", "Қаһарман!", "Аға, кез келген уақытта шайға келіңіз", "Тегін донер беремін", "Қажет болса, тойыңызда асаба боламын", – деп пікір қалдырды жанкүйерлер.
Айта кетейік, 26 тамыз күні Алматыда өткен Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңінде «Қайрат» шотландиялық «Селтикпен» кездескен еді. Негізгі ойын тең аяқталып, жеңіс пенальти сериясында шешілді. Дәл осы сәтте Темірлан Анарбеков керемет ойын көрсетіп, алматылықтарға тарихи жеңіс әперді.