Алматыда 40 қабатты мұнараның құрылысы тоқтатылды

28 тамыз, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Құрылыс жұмыстары мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен өткен рейдтен кейін тоқтатылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы 40 қабатты Rams Beyond мұнарасының құрылыс-монтаж жұмыстарының тоқтатылғанын хабарлады. Бұл нысанға қатысты бұған дейін қоғамда қызу пікірталас туған болатын.

«Бүгін біз Алматыдағы Rams-тың 40 қабатты құрылысын тоқтаттық! Менің рейдім барысында ГАСК ресми нұсқама берді!» — деп жазды депутат Facebook парақшасында.

Rams компаниясы қатаң қоғамдық сынға қарамастан, Алматыда 40 қабатты зәулім үй тұрғызып жатқан еді. Бұл ауданның құрылыс нормаларына сәйкес, тоғыз қабаттан биік ғимараттар салуға болмайды. Алайда Алматы әкімдігі кешеннің ерекше құндылығы мен бірегейлігін алға тартып, ол үшін ереже бұзуға болады деп түсіндірген.

Құрылыстың тоқтатылуын депутаттар мен жақын маңдағы тұрғындар талап еткен. Олар тіпті петиция ұйымдастырып, жобаны мүлдем тоқтатуды сұраған.
 

Тэгтер:

алматы құрылыс Rams Beyond Бақытжан Базарбек