Латын әліпбиіне көшу ісі бір күндік шаруа емес

384

Алматы облысының әікім Амандық Баталов 24-мамырдағы брифингте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі – қазақ қарпін латын графикасына көшірудің аймақтағы іс-шараларына да тоқталды. Әліпби мәселесінже Алматы облысында ақпараттық насихат жұмыстарымен өңірдің 38 380 тұрғыны қамтылып, осы мәселеге қатысты 300-ден астам шаралар өткізілген екен.

Насихат жұмыстарының аясында «Латын әліпбиінің қолданылуы», «Қазақ жазуы» атты әдістемелік құралдар шығарылып, таратылды. БАҚ арқылы «Латын әліпбиі – өркениетке тура жол» атты сериялық бейнероликтер көрсетілімі ұйымдастырылды.

Аймақта латын әліпбиіне көшу және тұрғындарды ынталандыру бағытында да біраз шаруалар атқарылған. Мәселен,  өткен айда тіл сарайында Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Арман қала – Астана» атты латын гарфикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінде эссе жазу байқауы өтті. Елордамыз – Астана қаласының  20 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – халықты латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінде жазуға, оқуға машықтандыру, латын қарпінде таңбалауға бейімдеу. Байқаудың ережесіне сәйкес Астана қаласының бүгінгі келбетін айшықтау және жеткен жетістігін дәріптеу, бас қаламыздың тарихынан сыр шерту көзделген еді. Тұңғыш рет өткізіліп отырған байқауға орта білім беретін мектептің оқытушылары қатысты.  Ұсынылған 23 қатысушының  эсселері қазылар алқасы құрамының іріктеуінен өткізіліп, үздік деп танылған 4 эссе Басқарманың дипломымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды. Байқау нәтижесі бойынша №12 мектептің оқытушысы Гүлшат Тілеуханова бас жүлдені иеленсе, №19 мектеп-гимназиясының оқытушысы Светлана Исаева І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал №2 орта мектептің мұғалімі Айдана Сағынғанова ІІ орын тұғырынан көрінді. Байқауға қатысқан ең жас маман Ақбота Қажбекова  ІІІ орын иегері атанды.  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, қазылар алқасы құрамының төрағасы Шара Әсетқызы байқауды ұйымдастырушыларға алғыс айтып,  осындай игі шаралардың алдағы уақытта да  жалғасатынына сенім  білдірді.

Осындай шаралардың қатарына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Достық үйі – Қоғамдық кеңес орталығы, Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы және «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының бірлесе ұйымдастырумен өткен «Латын әліпбиі – баршаға ортақ» тақырыбында практикалық семинарын да жатқызуға болады. Ол жиынға А. Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының ғылыми қызметкерлері, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары, Аналар кеңесі, ғылыми-сарапшы топ мүшелері, мұражай, кітапхана қызметкерлері қатысты.

Шараны облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай ашып, жүргізді. Өз сөзінде Ғабит Тұрсынбайұлы практикалық семинарға келген қонақтарға алғысын білдіріп, қоғамда қызу талқыға ие латын әліпбиіне көшу мәселесінің оңтайлы тұстарына тоқталды.

Жиында алғашқылардың бірі болып баяндама оқыған А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Айсәуле Аманбаева «жазу арқылы халықтың ой-санасы дамып, өркениетке аяқ басады» дей келе, тілімізді компьютерге емес, компьютерді тілімізге икемдегеніміз дұрыс боларын атап өтті.

І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың оқытушысы, ф.ғ.д., профессор Мұратбек Иманғазинов халық көңіліне қонымды латын графикасындағы жаңа әліпби жобасының терең талдау мен қолдау тапқанын тілге тиек етіп, «Латын әліпбиіне көшсек: – қазақ тілінің басты үш дыбыстық заңы: буын үндестік, дыбыс үндестік, ерін үндестігі бұзылудан сақталады, акцент пайда болып, дұрыс интонация нығая бастайды, кірме лексика, термин сөздер үндестік заңдарына бағынады, сайып келгенде орфоэпиялық нормалар орфографиялық нормаларды ығыстырып, соның негізінде зияткерлік ұлттың негізі қалыптасады»-деп, түсінік берді.

Семинар барысында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев «Латын әліпбиіне көшу бір сөзбен айтқанда тілдің тәуелсіздігі» деп, ғылымилық, ұйымдастырушылық, насихаттық сынды үш бағытты қамтитын жалпы ұлттық кешенді жұмыстың жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығын айтты.

Ал, философия докторы Айна Рахимова тіліміздің ең ұсақ бөлшегі әрбір әріпке деген көзқарас қазақтың әр азаматының болашағына үңілгендей концептуалды пайымнан тууы міндет екенін, сондай-ақ жаһандық ғаламның қазанында қайнап, ақпараттық ағымына ілесіп бара жатқан еліміздің ертеңі әлемдік аренадағы келбетімізге тікелей байланысы барын қаперге салды.

Осы тақілеттес шаралар Алматы облысында ай сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл аймақтағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қалай жүріп жатқанынан хабар береді.