Қожамжаровтың тағы бір бұрынғы қоластындағы қызметкері тергеуге ілініп, оған іздеу салынды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Дүйсенов Мақсат Керімбайұлына іздеу жарияланғанына үш күн болды», – делінген Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталындағы іздеу карточкасында.
Құжатқа сәйкес, іздестіру ісі 29 тамыз күні Алматы қаласында Алмалы аудандық полиция басқармасы тарапынан тіркелген.
Дүйсенов пен бұрынғы сенатор – Бас прокурор әрі Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) экс-басшысы Қайрат Қожамжаров Қазақстанның қаржы полициясы мен прокуратура жүйесінде қызметтес болған. Қожамжаровтың мансабының ең биік кезеңінде Дүйсенов Алматы филиалындағы қаржы полициясын басқарған және бас көлік прокуроры қызметін атқарған, деп жазды ҚазТАГ.
Еске салсақ, 11 шілдеде «қожамжаровшылардың» атышулы істеріне қатысты материалдар топтамасы жариялаған болатын.
Қазіргі таңда Қожамжаровтың ең жақын серіктерінің бірі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы басшысы Талғат Татубаев екі айға қамауға алынған. Сондай-ақ Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің экс-басшысы Олеся Кексель де тергелуде.
Тағы бір белгілі «қожамжаровшы» – Қаржы полициясының бұрынғы агенті Талғат Махатов («Саныч», «Бетон» деген жедел бүркеншік аттары бар), кеденші Медет Жамашевты («Хоргос ісінің» негізгі куәгерін) өлтіруді ұйымдастырғаны үшін бұған дейін сотталған. Ол жуырда тағы ұзақ мерзімге кесіліп, барлығы 24 жылын түрмеде өткізетін болды.
Олардың басшысы болған Қожамжаров әзірге бостандықта.