Жақында ғана қызметінен кеткен Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденов Қытайда президент бастаған делегация құрамында жүргені белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен қатар тұрған суретін Respublica партиясының тең төрағасы әрі кәсіпкер Сырымбек Тау әлеуметтік желіде жариялады.
Өткен аптада Берденов ресми түрде Шымкент әкімінің орынбасары қызметінен кеткен еді. Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров оның отставкасын былай түсіндірді:
«Бұл – мемлекеттік қызмет. Ол ем қабылдап жүрген, ал мәселелер адамның сауығуын күтпейді».
Алайда араға бірнеше күн өтпей-ақ, Берденов Қытайдағы президентпен бірге жүрген жоғары лауазымды шенеуніктер мен кәсіпкерлер ортасында бой көрсетті.
Делегация құрамында сондай-ақ іскерлік бөлімге кәсіпкерлер Нұрлан Смағұлов, Тимур Турлов, Шухрат Ибрагимов, мемлекеттік құрылым басшылары — Нұрлан Жақыпов, Бағдат Мусин, Алмасадам Сәтқалиев және Рәмбек Баталов қатысты. Үкімет құрамынан делегация ішінде Мұрат Нұртілеу мен Роман Скляр байқалды.