"Ешкім ешкімді аяған жоқ": Мұхамеджан Тазабек Назарбаев туралы ашық айтты

3 қыркүйек, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Alash.kz коллажы

Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек журналист Жанар Байсеміздің YouTube-арнасына берген сұхбатында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты көзқарасын ортаға салды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тазабектің айтуынша, ол белгілі тұлғаларға емес, билікке жалпы құндылық тұрғысынан қарайды.

"Тұңғыш президент" деген ұғымды отбасындағы тұңғыш балаға теңеуге болады. Әдетте ата-әже алғашқы немересін еркелетіп өсіреді, соған ұқсас түрде алғашқы президентке де кең билік беріледі. Сол билік бір адамның қолына шоғырланғанда көптеген мәселелер шешілді", – дейді ол.

Ақын Назарбаевтың өзі де сұхбаттарында кадрлық саясатта қателіктер жіберілгенін мойындағанын еске салды. Оның пікірінше, кеңестік тапшылық дәуірінен кейін қоғам түгелдей молшылыққа ұмтылды, бұл тек бір адамның шешімімен байланысты емес.

"Жалпы қоғамның ындыны сондай болды. Ешкім ешкімді аяған жоқ. "Мен" деген талай азамат қарақшыға айналды, ал кейбір шенеуніктер жекешелендіру кезінде мемлекеттік мүлікті өз мүддесіне пайдалануға тырысты. Президентке де түрлі қасиетсіз ұсыныстар айтқан адамдар көп болды. Тіпті сырттан келгендер де мемлекетті қолдау емес, өз пайдасын ойлап әрекет етті. Сондықтан ол кезеңдегі қателіктерді тек бір адамнан көруге болмайды", – деді Тазабек.

Сонымен бірге ол қоғамдағы талқылау мәдениетіне тоқталды.

"Төменгі санадағы адамдар адамды талқылайды, орташа санадағы адамдар оқиғаларды талқылайды, ал биік санадағы адамдар құндылықтар жайында айтады. Сол себепті өзім де биігірек ойлауға тырысамын", – деп қорытындылады айтыскер.

Тэгтер:

Нұрсұлтан Назарбаев Мұхамеджан тазабек