ЖОО оқытушыларының жалақысы төмен

3 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ЖИ

Айтсам біреу сенеді, біреу сенбейді, осы күні Алматыдағы мемлекеттік университеттерде қолға тиетін жалақы 227 мың теңгені құрайды! Бұл аға оқытушының таза алатыны. Кемі 90% ұстаз осындай мардымсыз жалақыға күңкілдеп күн көруде. Бұл туралы заң ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы Қазыбек Дәуітәлі әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, тіптен PhD докторанттың стипендиясы оқытушының жалақысынан жоғары – 243 мың теңге. Бұл басқаны былай қойғанда, мораль тұрғысынан да логикаға сыймайды, деп налиды оқытушы.

Егер құжат болса, үстіне ғылыми атақ пен дәреже үшін үстеме қосылады екен (ғылым кандидатына 17 АЕК - қолға шамамен 50 мың, ғылым докторына 34 АЕК - қолға шамамен 100 мың теңге).

«Ұлттық құрылтайдасың ғой, айтсайшы» деген соң осы мәселені ақпан айында өткен Ұлттық құрылтайдың жұмыс тобының отырысында көтердім. Сонда министрлік тарапынан "биыл 25% көтердік, ал ары қарайғысын әр университет өзінің бюджеттен тыс қаражаты есебінен дербес шеше алады" деген жауап алдым. Министрдің онысына рақмет.
Десе де, санаулы университет болмаса, басым көпшілігі қаржының жетімсіздігін алға тартып, жалақыны көтермей отыр. Тіпті “ұнамаса кете бер, есік ашық!" дейтін кеудемсоқ ректорлар да кездеседі. Амал жоқ, мойнында ипотека, басында кредит болғасын, жұмыстан шығып қалмайын деп аузын жауып, зорға шыдап жүрген әріптестерім қаншама...»,- дейді заң ғылымдарының кандидаты.

Қазыбек Дәуітәлі мектеп мұғалімдерінің жалақысы көтерілгенін алға тарта келе ендігі кезекте ЖОО оқытушыларының еңбек ақысын өсіру қажеттігін жеткізді.

«Біз мектептегі мұғалімдердің жағдайын түзеттік. Бұл өте дұрыс шешім болды! Ендігі кезек ЖОО-ның ұстаздарынікі болуы тиіс. Президенттің әр жолдауынан осы шешімді асыға күтетіндер аз емес. Интелектуалды ұлт болу үшін - алдымен ұстаздың жағдайын түзеуіміз қажет», - дейді ол.

Тэгтер:

жалақы ЖОО оқытушы