Трамп Ресей, Қытай және КХДР-ды АҚШ-қа қарсы астыртын қастандық дайындауда деп айыптады

3 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, Ресей, Қытай және Солтүстік Корея оның еліне қарсы қастандық ойластыруда, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы ол Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад басталғаннан бірнеше минут өткен соң өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

«Жауап табылуы тиіс басты сұрақ – ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытайды аса жаулық ниеттегі шетелдік басқыншыдан азат ету үшін Америка Құрама Штаттарының көрсеткен зор қолдауын және төгілген «қанын» еске ала ма, жоқ па? Қытайдың жеңісі мен даңқы үшін көптеген америкалықтар қаза тапты. Олардың ерлігі мен жанқиярлығын лайықты түрде құрметтеп, есте сақтайды деп үміттенемін!» – деп атап өтті АҚШ президенті.

Сөзінің соңында Трамп Қытай көшбасшысына және «ғажайып қытай халқына» «керемет мерекелік күн» тіледі. Сондай-ақ: «АҚШ-қа қарсы қастандық ойластырып жатқанда, Владимир Путин мен Ким Чен Ынға менің ең жылы тілектерімді жеткізіңіздер», – деп қосты.
 

Тэгтер:

Қытай Путин Солтүстік Корея Трамп