Абай облысында 584 шақырым жолда қайта жаңарту жүргізіліп жатыр. Оған қоса 250 шақырымда орташа жөндеу қолға алынған. Әсіресе жылдар бойы қараусыз қалып тас-талқаны шыққан тас жолдар ретке келтірілуде. “ҚазАвтоЖол” мамандары жақында орташа жөндеу көрген “Өскемен-Семей” бағытының бір бөлігін жаңалап, тапсырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Аталған жол Абай облысы Шығыс Қазақстаннан бөлінгелі қараусыз қалған. Тәулігіне 6 мыңнан астам көлік қатынайтын республикалық трассада жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Ал жылдар бойы құрылысы сағызша созылып кеткен “Қалбатау-Майқапшағай” күре жолында асфальт төсеу аяқталды. Қолданысқа беріліп жатқан тас жолдардың сапасын қоғам белсенділері мен “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” мамандарының жіті бақылауында. Мамандар жыл басынан бері 200-ден астам тексеру жүргізіп, жол құрылысына қолданылған материалдардан 1 мыңға жуық сынама алған.
«Қазірдің өзінде Көкпектіден, Майқапшағайға дейін толықтай қосылды. Қазір ең соңғы қабат сол жұмыстар аяқталады. Келесі жылы 522 шақырым жол жөндеу жоспарымызда бар. “Өскемен-Семей” толықтай 100 пайыз орташа жөнден өтетін болады. Одан бөлек Ресей шекарасына шығатын жерде екі учаске жоспарлап отырмыз», - дейді “Қазавтожол” ҰК АҚ филиалының директоры Айбек Аманбеков.
Қоғам белсендісі Ақнұр Қайратқызы соңғы екі жылда Абай облысы бөлінгелі бері жолдардың сапасына аса қатты назар аударылып жатқанын айтады.
«Екі жылдың ішінде тоқтамай тексерістен-тексеріс жасап жатырмыз. Негізінен осы жақтың тұрғындары жүреді. Ең бастысы сол кісілер, халық риза. Халықтың пайдасына берілгеніне ризамын», - дейді А. Қайратқызы.