Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз қызметкерлерінің ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Бұған дейін Orda тelegram-арнасында ҰҚК-нің бірқатар жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталды деген ақпарат жарияланған болатын. ҰҚК бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдейді. Әдейі жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз», – делінген ҰҚК-нің бейсенбі күнгі хабарламасында.
Бұған дейін тараған ақпаратқа сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) жоғары лауазымды қызметкерлері, сондай-ақ вице-премьер – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Хаджи Хаджиев ұсталды делінген еді.
Кейіннен осы мәлімет аясында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева БАҚ-қа үндеу жасады. Артынша Қазақстан президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің (ОКҚ) жанындағы Дезинформацияға қарсы күрес орталығы Нұртілеу мен Хаджиевтің ұсталғаны жөніндегі ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Сондай-ақ бұл мәліметті Сыртқы істер министрлігі де ресми түрде теріске шығарды.