Ресей AZAL ұшағының апатына байланысты төлемдер жүргізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сондай-ақ БАҚ-та тараған AZAL әуе компаниясының ұшағы апатына байланысты сақтандыру төлемдері жасалмағаны жөніндегі ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
Ведомствоның хабарлауынша, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласына жақын маңда орын алған “Әзербайжан әуе жолдарына” тиесілі жолаушылар ұшағының апатына байланысты бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында және Telegram әлеуметтік желісінде жалған ақпарат тараған. Онда сақтандыру қаражаты төленбеді делінген.
СІМ дерегінше, әзербайжандық әуе компанияға ұшақтың толық сақтандыру құнына сәйкес 1,003 миллиард рубль көлемінде өтемақы төленген.
"62 жолаушының 46-сының жарақаттары мен қаза болуына байланысты талаптар толық реттелді. Атап айтқанда, Ресейдің 15 азаматының 7-не, Әзербайжанның 38 азаматының 35-іне, Қырғызстанның барлық 3 азаматына, Қазақстанның 6 азаматының 1-іне төлемдер толық жасалды. Жапа шеккен жолаушылар мен қаза тапқандардың туыстарына жалпы сомасы 358,4 млн рубль сақтандыру өтемақысы төленді. Қалған өтемақы көлемдерін келісу жұмыстары жалғасып жатыр", - деп мәлімдеді РФ СІМ-і.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Баку–Грозный бағытында ұшқан Embraer жолаушылар ұшағы Ақтау қаласына жақын жерде апатқа ұшырады. Әуе кемесінде 67 адам болған, оның ішінде 5 экипаж мүшесі. Апат салдарынан 38 адам көз жұмды, олардың қатарында Әзербайжан, Ресей және Қазақстан азаматтары бар.