Әзербайжан СІМ: Ресей AZAL ұшағы бойынша сақтандыру төлемдеріне қатысты жаңсақ ақпарат таратып отыр

5 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Әзербайжан СІМ-і 4 қыркүйекте Ресей сыртқы істер министрлігі таратқан, “Azərbaycan Hava Yolları” (AZAL) әуе компаниясының атып түсірілген ұшағына қатысты сақтандыру төлемдері жөніндегі мәлімдеме таңданыс тудырып, қоғамды шатастырды деп мәлімдеді.

Бұл туралы Әзербайжан СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Айхан Гаджизаде айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, ресейлік сақтандыру компаниясының сақтандыру төлемдері мен Әзербайжанның РФ үкіметінен ұшақ үшін өтемақы талап етуі – екі бөлек мәселе.

«AZAL ұшағына және зардап шеккен жолаушыларға сақтандыру төлемдері алты айдан бері жүргізіліп келеді. Бұл төлемдер AZAL-дың сақтандыру келісімшарты аясында жүзеге асады және ол ұшаққа да, жолаушыларға да келген шығынды өтейді. Ал сақтандыруды ресейлік компания жүзеге асырып отырғаны халықаралық сақтандыру ерекшеліктеріне байланысты: Ресейде халықаралық сақтандыру компаниялары жұмыс істемейді, сондықтан AZAL ресейлік ұйым арқылы сақтандырған. Сондықтан сақтандыру төлемдерін Әзербайжанның Ресей үкіметінен талап етіп отырған өтемақымен теңестіру – мүлдем дұрыс емес», – деді ол.

Сонымен қатар, Ресей СІМ бұған дейін шілде айында Әзербайжанда 13 ресейлік азаматтың ұсталуын екіжақты қатынастардың нашарлауына себеп, ал олардың босатылуын қарым-қатынасты жақсартудың шарты ретінде атаған еді. Гаджизаде бұл пікірлерді де шындыққа сәйкес келмейді деп атады.

«Әзербайжан жағының деректері бойынша, екі ел арасындағы шиеленістің басты себебі – AZAL ұшағының апатқа ұшырауы мен Ресей билігінің кейінгі әрекеттері. Бұған қоса, Ресейде әзербайжандарға жасалып жатқан кемсітушілік, соның ішінде Екатеринбургтегі қудалау мен зорлық-зомбылық жағдайлары ахуалды одан әрі ушықтыруда. Әзербайжанға қарсы бағытталған Ресейдің түрлі мемлекеттік құрылымдарының әрекеттері де екіжақты қарым-қатынасқа кері әсерін тигізуде», – деп атап өтті ол.

 Айта кетсек, бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрлігі AZAL ұшағының апатына байланысты төлемдер жүргізілгенін мәлімдеген болатын.
 

Тэгтер:

ресей өтемақы ұшақ апаты Әзербайжан AZAL ұшағы