Қожамжаров қызметтік өкілетін асыра пайдалану және ақша жымқыру бойынша күдікке ілінді

6 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Бұрынғы қаржы полициясының басшысы Қайрат Қожамжаров қызметтік өкілетін асыра пайдалану және ақша жымқыру бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеуді арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр. 

Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Оған қызметтік өкілетін асыра пайдаланды және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген күдік келтірілуде.

Барлық қылмыстық істер бойынша арнайы прокурорлардың басшылығымен жедел-тергеу топтары құрылды. Бас прокуратура баспасөз қызметі атап өткендей, ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.

Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексель де күдікті деп танылған болатын. 

Антикордың тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Кексель азаптау ісі бойынша күдікті болды.