Мемлекет басшысы: Әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады

Бүгін, 11:51 / Қайсар Қалам
Сурет: Ақорда

Қазір дүние жүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басты. Бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтыны анық. Бұл туралы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Президенттің айтуынша, алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп бара жатыр. Халықаралық қатынастағы шиеленістер мен озбырлықтың салдарынан қақтығыстар мен соғыстар белең алды. Кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейді.

«Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде. Халықаралық құқықтың мән-маңызы кете бастады. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі басты түйткілдерді шешуге қауқарсыз болуда. Экологиялық және техногендік апаттардың кесірінен түрлі елдердің экономикасы орасан шығынға батуда», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, батыстағы этносаралық-дінаралық үйлесім мен мәдени әралуандық тұжырымдамасы дағдарысқа ұшырағанын жеткізді. Жаһандық деструктивті күштер ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің іргесін шайқауда. 

«Босқындардың саны көбейіп, көші-қон дағдарысы туындады. Адам саудасы, қару-жарақ пен есірткі саудасы да өршіп тұр. Бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа сын-қатерлер күллі адамзаттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Тіпті, жасанды интеллектіні пайдаланып, аса қауіпті қару жасайтындар пайда болды. Геосаяси ахуалдың түбірімен өзгере бастағанын аңғартатын басқа да факторлар аз емес. Қысқаша айтсақ, әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады», - деді Тоқаев.
 

Тэгтер:

тоқаев жолдау бұұ