"Кеше ғана көрді..." – Ұлынан таяқ жеген ақсақал неден қайтыс болды?

8 қыркүйек, 2025 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылында елді есеңгіреткен оқиға болды. Әкесін қорлап, ұрып-соққан ер адам уақытша қамауға алынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әкесіне қол көтерген күдікті – осы ауылдың тұрғыны, 41 жастағы Алмас Садақбаев. Екі баланың әкесі, той-томалақтарда асаба болған. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінде әдіскер қызметін атқарғанын ауыл әкімінің орынбасары Әділбек Әлденеев растады.

"Бұл жігіт ауылда дүниеге келген. Кейін қалаға кеткенімен, екі жыл бұрын қайта оралды. Әуелде мешіт жанындағы бос тұрған үйді паналап жүрді. Кейіннен өз үйін алып, әкесін қасына көшіріп алды. Содан мәдениет үйінде жұмыс істей бастады", – деді ол.

Қоссейіт мешітінің имамы Нұрахмет Бекжігітов күдіктінің азан шақырмағанын және даулы видеоның кеш қолына тигенін айтты.

"Егер ертерек білгенде, мұндайға жол бермес едік. Қария 3 қыркүйекте қайтыс болған, төртінде жаназа шығарылды", – дейді ол.

Көршілерінің сөзінше, Садақбаевтың үйінен жиі ұрыс-керіс дауысы шығып тұрған.

"Әдетте әйелімен сөзге келіп жатыр деп ойлайтынбыз. Ал қарияны ұрып жүргенін кейін білдік. Оқиғаны видеоға түсіргендер әкімдікке тапсырған екен. Шалдың қаза болғанын естігенде бәріміз қатты шошыдық", – дейді ауыл тұрғыны Малика Бейсенова.

Дәрігерлердің айтуынша, марқұм соңғы екі жылдан бері қан қысымы мен омыртқа сырқатымен төсек тартып жатқан, бірақ мүгедектікке тіркелмеген. 3 қыркүйекте дүниеден озған қарияның нақты өлім себебі әлі нақтыланған жоқ.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін қылмыстық іс қозғалып, Алмас Садақбаев уақытша ұстау изоляторына жабылды. Оның жұбайы да жауап алғанымен, кейін босатылған. Ал көршілердің айтуынша, соңғы екі күнде үй бос тұр.

Тэгтер:

қайғылы жағдай Шардара