Катар Израильге жауап беруге дайындалып жатыр

Бүгін, 08:43 / Қайсар Қалам
Сурет: Qatar News Agency

Катар премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани ел өзінің егемендігіне қол сұғуды қабылдамайтынын және Израильдің Дохаға жасаған соққыларын «мемлекеттік терроризм» деп бағалайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, Катар достас мемлекеттермен байланыс орнатып, дипломат Мұхаммед бен Абдулазиз әл-Хулайфи басшылығымен кешенді құқықтық жауап дайындап жатыр.

Әл Тани Израильдің әрекеттері халықаралық құқықты бұзып, бүкіл аймақты тұрақсыздыққа әкеліп отырғанын атап өтті. Ол премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды бейбіт келіссөздерді бұзды деп айыптап, шабуылды атысты тоқтату жөніндегі келіссөздердегі делдалдарды өлтіру әрекеті деп атады.

Айта кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар астанасы Дохада Израиль билігі жасаған әскери акцияны айыптаған болатын.

«Қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Бұл Қатар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді», - деді Тоқаев.
 

Тэгтер:

тоқаев Израиль Катар Доха