ҚР Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасына байланысты мәселені Үкімет деңгейінде қарауды ұсынды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «су қауіпсіздігі – ұлттық мүдде» деген сөзіне сүйене отырып, бұл түйткілдің халық денсаулығына, экологияға және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіріп отырғанын атап өтті.
Алматы қаласының кәріз сулары жиналатын Сорбұлақ қоймасында қазір шамамен 750 млн текше метр су бар. Депутаттың айтуынша, нөсер, тасқын немесе жер сілкінісі болған жағдайда Ақши мен Күрті ауылдары су астында қалып, ластану Іле өзені арқылы Қапшағайға және Балқаш көліне дейін жетуі мүмкін. Мұндай сценарий ұлттық деңгейдегі экологиялық апатқа әкелуі ықтимал.
Жүргізілген зерттеулер қойма суында 31 түрлі химиялық зат пен ауыр металл барын көрсеткен. Оның ішінде кадмий мөлшері нормадан төрт есе артық. Бұл улы заттар адам ағзасында жиналып, ауыр ауруларға, соның ішінде онкологиялық дерттерге себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар қолайсыз иістен зардап шегіп отыр, ал осы судағы балықтың базарларда сатылуы қосымша қауіп тудырады.
Данияр Қасқарауов мәселені шешу үшін мынадай шараларды ұсынды:
- тәуелсіз сарапшылар мен экологтардан мемлекеттік комиссия құру;
- заманауи тазарту станцияларын салу;
- бөлінген қаржылардың жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізу;
- суды ауыл шаруашылығына бағыттап, фермерлерді қолдау.
Депутаттың пікірінше, бұл тек Іле ауданына ғана емес, бүкіл Жетісу өңіріне қатысты мәселе. Сондықтан Сорбұлақты Үкімет ерекше бақылауына алуы тиіс.