Астанада тұрғылықты жері бойынша тіркелгісі келетіндерге жаңа талаптар енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің м.а. 2024 жылғы 9 қыркүйектегі №677 бұйрығына «Халықты тіркеу қағидаларын бекіту туралы» (нормативтік-құқықтық актілердің мемлекеттік тіркелімінде №35045 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін: аталған бұйрықпен бекітілген Халықты тіркеу қағидаларында 4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «4. … Елорда аумағында тұрғылықты жері мен уақытша тұратын (тұру) жері бойынша тіркеу елорда мәртебесі туралы Қазақстан Республикасы заңына сәйкес елорданың жергілікті өкілді органымен бекітілетін тіркеу нормативтерін ескере отырып жүзеге асырылады», – делінген ІІМ ұсынған нормативтік-құқықтық акт (НҚА) жобасының сипаттамасында.
«Нақты мақсаттар мен күтілетін нәтижелер мерзімдері» бағанында: «Елорда мәртебесі туралы Қазақстан Республикасы заңына сәйкес елорданың жергілікті өкілді органымен бекітілетін тіркеу нормативтерін ескере отырып, елорда аумағында тұрғылықты жері мен уақытша тұратын (тұру) жері бойынша тіркеуді жүзеге асыру» деп көрсетілген.
Еске салайық, 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке көші-қон ағындарын есепке алудың бірыңғай жүйесін енгізуді тапсырды. Ол адамдардың брусчатка төсеген сияқты тиімсіз жобаларға бола елордаға ағылып жатқанын айтып, өңірлерден Астанаға көшу себептерін талдауды тапсырды.