Путинді Украина майданынан оралатын әскер алаңдатып отыр ма?

11 қыркүйек, 2025 / Марғұлан Ақан
Фото: коллаж arasha.kz

Reuters агенттігіне сілтеме жасаған дереккөздердің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғыстан оралған психологиялық тұрғыдан тұрақсыз ардагерлер елдегі жүйені шайқалтып жіберуі мүмкін деп алаңдаулы.

Кремль қазірдің өзінде бұл мәселені бақылауға алудың жолдарын іздеуде. Ұсыныстардың қатарында «СВО» ардагерлерін өңірлік сайлауларға қатыстыру немесе Мемлекеттік думаға кандидат ретінде ұсыну бар.

Басты қауіп — 1990-жылдардың қайталануы. Ол кезде Ауғанстан соғысының ардагерлері қылмыстық топтардың қатарын толықтырған болатын. Сарапшылардың айтуынша, Украинадағы соғыс ардагерлерін бейбіт өмірге бейімдеу Ауғанстаннан кейінгіден де қиын болады және Ресейде жаңа зорлық-зомбылық толқынының белең алу қаупі айқын.

Тағы бір маңызды жайт — ардагерлердің айтарлықтай бөлігі соғысқа түрмеден тартылғандар. Олардың арасында ауыр қылмыстар үшін сотталғандар бар: кісі өлтіру, тонау, зорлау және педофилия.

Ресми деректерге сәйкес, тек соғыстың алғашқы екі жарым жылында ғана Ресейдің шамамен 500 азаматы «СВО» ардагерлері жасаған қылмыстардың құрбанына айналған.

Тэгтер:

Путин украина майдан