Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы трассада сұмдық жол апаты болды. Бекет-Ата қасиетті орнына бара жатқан қажылар мінген Toyota Hiace шағын автобусы жолдан шығып кетіп, аударылып қалған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сегіз адам оқиға орнында қаза тапса, тағы екеуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Жарақат алғандарға медициналық көмек көрсетілуде.
Ішкі істер министрі тергеуді жеке бақылауына алды. Қазір жүргізушінің әрекеті, көліктің техникалық жағдайы, бағыт пен тасымалдау шарттары тексеріліп жатыр.
Министрлік әкімдік және басқа да ведомстволармен бірлесіп, қаза болғандардың отбасыларына қолдау көрсетуде: денелерін өңірлерге жеткізуге, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға, туыстарына еріп жүруге, сондай-ақ құқықтық, сақтандыру және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге көмектесуде.
Маңғыстау облысында 10 адамның өмірін қиған қайғылы жол-көлік оқиғасына байланысты Ішкі істер министрінің тапсырмасымен жедел штаб құрылды. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді.
Анықталғандай, жолаушылар қасиетті Бекет-Атаға қажылық сапарға шыққан. Барлығы Қазақстан азаматтары, әртүрлі өңірлерден келген. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.