Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол әлеуметтік желі арқылы діни артықшылықты насихаттайтын материалдарды таратты деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қостанай облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, ер адам әлеуметтік желілерде азаматтардың дінге қатысы бойынша ерекше артықшылық пен үстемдікті насихаттайтын материалдарды телекоммуникация желілері арқылы таратқан деген күдікке алынып отыр.
«Жүргізілген жедел жұмыс барысында полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері, Қостанай облысы прокуратурасымен бірлесіп, Бейімбет Майлин ауданының 42 жастағы тұрғынын ұстады», – делінген хабарламада.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам Telegram мессенджерін пайдаланған.
«Ол төзімділік пен өзара құрмет қағидаттарына қайшы келетін радикалды көзқарастарды ұстанған», – делінген ақпаратта.
Ұсталған азаматқа қатысты «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, топтық немесе діни араздықты қоздыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.