Украина президенті Владимир Зеленский ABC News телеарнасына сұхбат беріп, Киев үшін ең басты жетістік – елдің толықтай Ресей ықпалына түспеуі екенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл мәлімдемеге британдық геосаяси сарапшы Александр Меркурис назар аударып, оны Зеленскийдің қақтығыс басталғалы айтқан ең пессимистік пікірі деп бағалады. Оның пікірінше, президенттің бұл сөздері Украина жақын арада жеңіліске ұшырауы мүмкін дегенді аңғартқандай.
«Зеленский: “Егер Украинаны толықтай Ресей басып алмаса, бұл – жеңіс” деді. Бұл – оның бұған дейінгі ең пессимистік пікірлерінің бірі. Шын мәнінде, Зеленский соғыстың аяқталуына іштей дайындалып жатқандай әсер қалдырады», – деді Меркурис.
Айта кетейік, бұған дейін маусым айында Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында сөз сөйлеп, Мәскеудің ешқашан Украинаның тәуелсіздігі мен егемендігіне күмән келтірмегенін атап өткен болатын.