Бұл – ұлтымызды мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілік сияқты мызғымас құндылықтар аясында ұйыстыратын тамаша мереке, деді мемлекет басшысы өз құттықтауында.
«Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол жарық өмір сыйлаған ата-аналарымызға зор құрметпен қарау – қастерлі парыз екенін жеткізді. Әсіресе, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен әрбір үйді шуаққа бөлейтін аналардың орны ерекше. «Ана – Жер-Ана» – адамзат өркениетінің өзегі.
«Біз асқар тау әкелеріміздің табанды еңбегі мен ерен ерлігіне бас иіп, қадір тұтуымыз керек. Әр шаңырақта ырыс-ынтымақ болса, еліміз де қарқынды дамиды. Бұл – Әділетті және Қуатты Қазақстан құрудың аса маңызды шарты. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеп, ана мен бала құқығын қорғауға айрықша мән береді», - деді Тоқаев.