Қазақ боксшысы Махмұд Сабырхан Ливерпульде (Англия) өтіп жатқан World Boxing ұйымының әлем чемпионатының финалында жұдырықтасты, деп хабарлайды Arasha.kz.
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол Испания өкілі Рафаэль Лосано Серраномен кездесіп, төрешілердің шешімі бойынша жеңімпаз атанды.
Айта кетсек, Махмұд Сабырхан бұған дейін 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында да топ жарған болатын.
Бұл біріншілікте 50 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай алтын медаль жеңіп алса, 48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Назым Қызайбай күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сонымен қатар бүгін тағы бес қазақстандық боксшы финалдық айқастарға шығады.