Қазақстанда ажырасу көрсеткіші төмендеді

Бүгін, 09:25 / Қайсар Қалам
Сурет: pixabay

Ақпарат және мәдениет министрі елімізде ажырасу көрсеткіші төмендегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда ажырасу саны шамамен 16%-ға төмендеген (2020 жылы – 48,2 мыңнан, 2024 жылы – 40,5 мыңға дейін). Бұл ерлі-зайыптылардың жауапкершілігінің артып, отбасын сақтап қалуға ұмтылысын айғақтайды.

«2019 жылдан бастап Жоғарғы Сотпен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттарда «Бақытты отбасы» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба ажырасу үдерісінде туындайтын дауларды шешуге бағытталған. Оның аясында психологтар, заңгерлер, медиаторлар және әлеуметтік қызметкерлер кеңес береді. 2024 жылы істердің 37,5%-ы татуласумен аяқталды (2023 жылы – 33,1%), бұл жобаның тиімділігін көрсетеді», - деді министр.

Сондай-ақ ол неке құрғалы жатқан жұптарға арналған қарым-қатынасты үйлестіруге бағытталған оқыту бағдарламаларына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Сонымен қатар, ата-ана жауапкершілігін арттырып, бала тәрбиесіне саналы көзқарас қалыптастыруды мақсат еткен «Ата-аналар академиясы» жобасының маңызы да зор.

«Азаматтарды қолдауға отбасы қолдау орталықтары (ОҚО) да елеулі үлес қосып отыр. Бүгінде елімізде 131 орталық жұмыс істейді. Олар мыңдаған отбасының сүйенішіне айналған. Жыл басынан бері 40 мыңнан астам азамат ОҚО-ға жүгінді. Ең өзекті мәселелер бойынша 15 мыңнан астам кеңес берілді, тағы шамамен 4 мың адам кешенді қолдауға алынды», - деді А. Балаева.
 

Тэгтер:

статистика ажырасу қоғам аида балаева