Көлік министрлігі елімізде ақылы жолдар үшін төлем жасау ережелері өзгергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап республикалық маңызы бар ақылы автожолдарда төлем ережелері өзгерді. Қазіргі уақытта елімізде барлығы 27 ақылы жол бар. Ақылы автожолда жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететін және жөндеуді талап етіп тұрған жол учаскесі болса, дәл сол аралық үшін жөндеу жұмыстары толық аяқталғанға дейін төлемақы алынбайды», - деп хабарлады министрлік.
Мәселен, егер ақылы жол учаскесінің жалпы ұзындығы 100 шақырымды құраса, оның 5 шақырымы жөндеуді талап етсе, онда жол бойындағы ақаулар жойылғанға дейін жүргізушілер тек 95 шақырым жол үшін ғана ақы төлейді.
«Ұлттық оператор жолдардың жағдайын үнемі бақылайды. Әр жүргізуші ақау туралы тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 нөміріне қоңырау шалып, хабарлай алады. Жаңа ереже республикалық және халықаралық маңызы бар барлық ақылы жолдарға қолданылады», - деді Көлік министрлігі.