Күзде жанармай бекеттерінде бензин жетіспеушілігі қайта туындауы ықтимал. Себебі көрші елдерге, әсіресе Ресейге заңсыз әкету күшейген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Ресей мұнай өңдеу зауыттарындағы ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары мен украин дрондарының шабуылдары жанармай тапшылығын ушықтырды. Бұл әсіресе Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аймақтарында сезілуде. Соның салдарынан Қазақстаннан заңсыз бензин әкету көлемі артуы мүмкін.
Бағаның айырмасы негізгі себеп болып отыр: рубльдің күшеюінен жанармай бағасы екі есеге жуық айырмашылық жасаған. Қырғызстанмен шекарада бақылау бар, ал Ресеймен шекараны қадағалау мүмкін емес, деп жазды Orda.kz.
Сарапшы Олжас Байділдиновтің айтуынша, бензинді заңсыз әкету – табысты кәсіп. Шекара маңында жолаушы, жүк тасымалдау, көлікті газға бейімдеу, бакты үлкейту сияқты амалдармен күніне жүз доллардан астам пайда табуға болады.
Сарапшылардың ойынша, мәселенің шешімі – ішкі нарықтағы бағаны біртіндеп көрші елдермен теңестіру. Әйтпесе тапшылық қайталана береді.
Жағдайды қиындата түсетіні – 1 қазанда Атырау МӨЗ бір айға жоспарлы жөндеуге тоқтайды.