Жамбыл облысында колледждің 15 жастағы студенті дүниеге сәби әкелді. "Время" газетінің хабарлауынша, баланың әкесі ретінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 23 жастағы қызметкері көрсетіліп отыр. Қазір ол жөнінде тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Arasha.kz.
Байзақ аудандық ауруханасы берген ақпаратқа сәйкес, жасөспірім қыз 5 қыркүйекте жүктілікке байланысты есепке алынған. Оның жүкті екені колледждегі оқытушылардың оқушы мінез-құлқындағы өзгерістерді байқап, анасын шақырғаннан кейін анықталған. Үйде жасалған тест оң нәтиже көрсеткен соң, полиция өкілдері қызды анасымен бірге ауруханаға жеткізген.
Айта кетерлігі, 19 тамызда колледжге түсу үшін медициналық тексерістен өткен кезде оның жүктілігі анықталмаған. Дәрігерлер мұны "анасының келісімінсіз толық физикалық тексеру жасалмағанымен" және "қыздың кең киім киюіне байланысты іші байқалмағанымен" түсіндірді. Ал облыстық білім басқармасы мектепте жүргенде оқушының мінез-құлқынан күдік туғызарлық ерекшелік байқалмағанын мәлімдеді.
Әзірге қыздың әкесі аталған қызметкердің нақты ұсталған-ұсталмағаны белгісіз. Дегенмен полиция департаменті бұл дерек бойынша ресми түсініктеме бермесе де, 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.