Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында Есіл өзенінің жағасында мамонтқа тиесілі болуы мүмкін сүйек табылды. Ерекше олжаны бұған дейін хабарлағандай жергілікті тұрғын емес, Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкері анықтаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
ТЖМ мәліметінше, сүйекті кездейсоқ тапқан – СҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Әсет Шайкин. Ол демалыс кезінде өзен жағасында ұзындығы бір метр болатын сүйекті байқап қалған.
Табылған жәдігер мамандарға тапсырылды. Сарапшылардың айтуынша, сүйек палеолит дәуірінде өмір сүрген мамонтқа тиесілі және ғылыми тұрғыдан аса құнды.
«Ғылыми ортада шынайы сенсацияға айналған бұл тосын жаңалықты археологтар емес, Қазақстанның ТЖМ құтқарушысы ашты. Бірегей олжа Солтүстік Қазақстан тарихына жаңа бет ашуы мүмкін», – деп хабарлады министрлік.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылы маңында балық аулау кезінде жергілікті тұрғын 15 мың жылдық мамонттың асық жілігін тапқан болатын.