Түркістан облысында ер адам әйелін балғамен ұрып өлтіріп, кейін өзіне қол салды

Бүгін, 11:05 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Қарамұрт ауылында ауыр қылмыс болды: 56 жастағы ер адам әйелін балғамен ұрып өлтірген. Белгілі болғандай, ол аудиоүндеу қалдырып, әрекетін қызғанышпен байланыстырған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы жағдай ерлі-зайыпты тұратын, төрт баласы бар үйде болған. Таңертең балалар асқа оянғанда, аналарының денесін тауып алған. Марқұмның туыстарының айтуынша, 45 жастағы әйел ешқашан күдік тудыратын жағдай жасамаған, ал күйеуі жұмыс істемей, жиі жанжал шығаратын болған, деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

«Қорыққан балалар бізге жүгіріп келді. Барсақ, қарындасымның түрін көру мүмкін емес еді. Мұрны бір жаққа кеткен, көзі жоқ, беті жыртылған. Денесінде де ауыр жаралар болды, сау жері қалмаған», – деді марқұмның әпкесі.

Әйелдің жанынан қылмыс құралы – балға табылған. Ал біраз уақыттан кейін күйеуінің денесі де ауладағы әжетханадан асылып тұрған жерінен анықталды.

Төрт бала, үлкені 13 жаста, кенжесі небәрі 4 жаста, әзірге Бейімдеу орталығында орналасқан.

Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды, оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Тэгтер:

суицид Түркістан облысы оқиға әйелін өлтірді