Цифрлық дәуірдегі Қазақстан: Президент Жолдауының жаңа көкжиегі

9 қыркүйек, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Ақорда

2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау – еліміздің жаңа кезеңдегі даму бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат болып табылады.

Жолдауды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері онлайн форматта тікелей тыңдап, кейін мазмұнын жан-жақты талқылады.

Президент Жолдауында жасанды интеллект пен цифрландыру мәселелері кеңінен қозғалды. Бұл – жаһандық трендтерге сәйкес еліміздің технологиялық тұрғыда ілгерілеуінің көрсеткіші. Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды енгізудің, деректермен жұмыс істеудің, сонымен қатар киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Жасанды интеллект жүйелерін дамыту – жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың өнімділігін арттыратын негізгі фактор ретінде көрсетілді.

Жолдаудағы негізгі бағыттардың бірі – экономиканы құрылымдық жаңарту және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын күшейту. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық табысты әділ бөлу, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, инфляцияны тежеу және шағын және орта бизнесті дамыту сынды маңызды мәселелерге назар аударды. Бұл – Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар.

Президент жастардың білім алуына, кәсіби дамуына және шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына баса назар аударды. Жолдауда жастарға арналған жаңа бағдарламалар мен бастамалар ұсынылды. Жоғары білім беру сапасын арттыру, ғылымды дамыту, еңбек нарығына бейімделген кадрларды даярлау – ел болашағына жасалған инвестиция.

Жасанды интеллект – тек технология ғана емес, экономиканың түрлі салаларын түбегейлі модернизациялаудың тетігі. Бұл орайда Президент білім беру, ғылым, өндіріс пен мемлекеттік басқару салаларында цифрлық трансформацияны тереңдетуді ұсынды.
Біріншіден, білім беру жүйесін жаңғырту бағытында: жасанды интеллект, деректерді талдау, робототехника сияқты пәндерді мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламасына кезең-кезеңімен енгізу сонымен қатар,  ІТ-мамандарды даярлайтын білім беру орталықтарын әр өңірде ашу.

Екіншіден, ғылым мен инновацияны қолдау бағытында: зерттеу институттарына жасанды интеллект жобаларын дамытуға арналған гранттар бөлу және жас ғалымдарды қолдау бағдарламаларын кеңейту.

Үшіншіден, экономиканы цифрлық модернизациялау бағытында: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секторларында жасанды интеллектті енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды жеделдету.
Төртіншіден, құқықтық және этикалық негіз құруда: жасанды интеллектті қолдану барысында азаматтардың құқығы мен дербес деректерінің қорғалуын қамтамасыз ететін заңнамалық база қалыптастыру.

Президент жолдауы – елдің технологиялық жаңғыруының, интеллектуалдық ұлт қалыптастырудың және заманауи мемлекетке айналудың нақты жол картасы. Жасанды интеллект пен модернизация – болашаққа бастар басты қадам.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауы – еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі даму жолын айқындайтын маңызды бағдар. Бұл құжатта көрсетілген бастамалар мен міндеттер – Қазақстанның технологиялық, әлеуметтік және экономикалық өрлеуінің берік іргетасы.
Әрбір қазақстандық азамат бұл стратегиялық мақсаттардың орындалуына өз үлесін қосуы тиіс. Себебі әділетті қоғам мен өркендеген мемлекет құру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Заң факультетінің қылмыстық құқық,
қылмыстық іс жүргізу және криминалистика
кафедрасының 1 курс PhD докторанты С.Ш.Үркүмбай
 
 

Тэгтер:

Президент жолдауы