Алматы облысында қоқыс полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары әлі жалғасуда

Бүгін, 17:02 / Қайсар Қалам
Сурет: ТЖМ

Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Arasha.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД-нің шамамен 150 қызметкері және 70-тен астам техникасы, сондай-ақ Ұзынағаш ауылындағы 28237 әскери бөлімі, «Қазселденқорғау» мекемесі, Алматы қаласы ТЖМ Құтқару қызметі, полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған.

Қосымша күш ретінде ТЖМ тарапынан өртке қарсы сорғы станциялары, апаттық-құтқару көліктері, бульдозерлер, тралдар және басқа да арнайы техникалар жіберілуде.

Өрт ошағының бір бөлігі тереңде орналасқан: жану тек беткі қабатта ғана емес, қалдықтардың ішінде, шамамен 10 метрге дейінгі тереңдікте жүріп жатыр, сондықтан түтіндеп жану әлі де сақталуда. Полигонның ішіндегі жоғары температура ұзақ уақыт бықсып жануға себеп болып отыр. Қалдықтардың ұзақ ыдырауы барысында бөлінетін метан да үздіксіз ішкі жануды күшейтеді.

Сонымен қатар, полигон беті тұрақсыз болғандықтан, опырылу қаупі бар, осыған байланысты ауыр техниканың қозғалу мүмкіндігі шектеулі.

Жағдай Алматы облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында. Жақын маңға өрттің тарау қаупі жоқ.
 

Тэгтер:

өрт ТЖМ қоқыс полигоны