Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VIII съезінде жаһандық қауіпсіздік ахуалына қатысты алаңдатарлық мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Президенттің пікірінше, адамзат апат шегіне жетті. Ол жағдайдың өте күрделі екенін жасырған жоқ.
«Ядролық қақтығыс қаупі алаңдатады. Мұндай апокалипсис ықтималдығы соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейде деп сарапшылар бағалап отыр», – деді ол.
Мемлекет басшысы әлемдік саясаттағы теріс үрдістерге тоқталды:
«Өкінішке қарай, әлемде сындарлы бастамалар мен шиеленісті бәсеңдету саясатының орнына қақтығыстық ойлау күшейіп келеді, геосаяси жіктер тереңдеуде, әлеуметтік шиеленіс артуда».
Эскалацияға қарсы тұру үшін Тоқаев дипломатиялық күш-жігерді жандандыруға шақырды. Ол сындарлы дипломатия – диалогты дамытудың құралы екенін атап өтті. Президент рухани көшбасшыларды да жаһандық жағдайды тұрақтандыру процесіне атсалысуға үндеді.
«Мен діни көшбасшылар әлемді хаос құрдымына кетуден тоқтату үшін барлық күш-жігерін салады деп сенемін. Олар көптеген саясаткерлерге ақылға қонымды шешімдер, ізгі ниет пен моральдық жауапкершілік туралы еске салады», – деді ол.
Бұған қоса, президент климаттық қатерлерге де назар аударды. Оның айтуынша, климаттың өзгеруі мен оның салдары – тек ғылыми немесе экономикалық мәселе емес, бұл – түбегейлі моральдық сын-қатер.
Әлеуетті экологиялық апат алдында халықаралық бірлікті күшейту аса маңызды. Негізгі назар осыған аударылуы тиіс, ал алауыздық емес.
Ядролық апат тақырыбына Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де, мамыр айында тоқталған болатын. Ол кезде де соғысқа қатысты ұстанымын еске салған еді – соғыс болмауы керек.