Юлия Навальная Алексей Навальныйдың колонияда уланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«2024 жылдың ақпанында біз Алексейдің биологиялық материалдарын алып, шетелге шығарып, Батыс елдерінің бір зертханасына тапсыра алдық. Бірнеше ай бұрын нәтижелер алынғанын білдім, әрі екі елдің екі зертханасы бір-бірінен тәуелсіз түрде Алексейдің уланғаны жөнінде қорытындыға келді», — деп жазды колонияда қаза тапқан саясаткердің жесірі Telegram-да.
Ресей азаматы өлтірілді. Ресей аумағында өлтірілді. Барлық дәлелдік база да сонда. Батыс елдерінде қылмыстық іс қозғауға және жүргізуге ешқандай заңдық негіз жоқ, — деп жалғастырды ол.
Ол «менің күйеуім Алексей Навальныйдың нақты немен уланғаны жөніндегі зерттеу нәтижелері жариялансын» деп талап етті.
Ресейдің Федералдық қылмыстық-атқару қызметі 2024 жылғы 16 ақпанда Навальныйдың қайтыс болғанын хабарлаған еді. Саясаткердің серіктестері ол бұған дейін де өлтірілгенін айтып, оның өліміне Ресей президенті Владимир Путинді айыптаған. Ал ресейлік биліктің нұсқасы бойынша, өлім табиғи жолмен келген.