Еліміз қайтадан Баку — Тбилиси — Джейхан мұнай құбыры арқылы Әзербайжан бағытымен мұнай экспортын жандырды. Бұған дейін бұл бағыттағы жеткізілімдер әзербайжандық мұнайдың хлоридтермен ластануына байланысты тоқтатылған болатын, деп хабарлайды Arasha.kz.
«ҚазМұнайГаздың» мәліметінше, 13 қыркүйекте Ақтау портынан БТД құбырына Қашағаннан 8,8 мың тонна мұнай жөнелтілді. Келесі жөнелтім 20 қыркүйекке жоспарланған.
«2025 жылдың сегіз айында қазақстандық мұнайдың БТД бағытымен тасымал көлемі 0,9 млн тоннаны құрады», — деп хабарлады ҚМГ.
Қазақстан Azeri Light маркалы әзербайжандық мұнайда хлоридтердің табылуынан кейін БТД арқылы жеткізілімді тоқтатқан еді. Бұл шикізат бағасына және оның экспорт көлеміне әсер етті.
Оқиғадан кейінгі сараптамалар Теңіз бен Қашаған мұнайында органикалық хлор қосындылары жоқ екенін көрсетті. Қазақстан мұнайдың ластануына қатысы жоқ екені дәлелденді.