Белгілі заңгер Нұрсұлтан Орынбеков желідегі парақшасында Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров туралы видео жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Құрметті Ерлан Жаханұлы! Мәжілістің бірмандатты округтан сайланған депутаты Ардақ Назаровтың 10 қыркүйектегі Мәжіліс мінберінен регламенттен тыс анасын туған күнімен құттықтағаны сайлаушылар және халық арасында қызу талқыланды. Оған қатысты бірнеше тұлғалар өздерінің тарапынан бұл әрекеттің өрескел екендігін атап өтіп, түрлі сарындағы шағымдарын жеткізді. Аталған мәселеге қатысты 17.09.2025 күні мәжілістің кезекті отырысынан кейін БАҚ беттеріне берген сұхбатында Ардақ Назаров “Маған қарсы болғандар анасын құрметтей алмайтындар” деп ашық мәлімдеді. Бұл сөз арқылы депутаттық этиканы және моральдық құндылыққа сай емес сөз айтты деп есептеймін. Халық оның ішінде сайлаушылар белгілі бір әрекеттерге қатысты өзіндік сын пікір айтуға толық құқылы. Алайда, депутат Ардақ Назаров бұл сөздері арқылы өзіне қатысты сынаған халық өкілдерінің ашуын туғызып, ар намысына тіл тигізу арқылы “Халық қалаулысы” деген атқа лайықсыз әрекет жасап, түгел Мәжілістің іскерлік беделіне нұқсан тигізді. Осы орайда Сізден, депутат Ардақ Назаровқа қатысты тәртіптік кеңес өткізіп, тиісті қатаң шара қолдануыңызды сұраймын", – деп жазды Нұрсұлтан Орынбеков.