АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке ұшағы Ұлыбританияға сапар кезінде төтенше жағдайға аз ғана қалды, деп Arasha.kz тілшісі Business Insider басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Трамп Ұлыбританияға өзінің арнайы Boeing ұшағымен жолға шыққан. Лонг-Айленд үстінде Air Force One жолаушылар рейсін орындап келе жатқан Spirit Airlines әуе лайнерімен соқтығысып қала жаздады. Оқиға президент борты Эндрюс авиабазасынан ұшқаннан кейін жарты сағат өткенде болған.
"Президенттік Boeing 747 (әскери нұсқасы VC-25A) Форт-Лодердейлден Бостонға бағыт алған Airbus A321 әуе кемесімен қиылысатын бағытқа шыққан. Диспетчер қауіпті жақындасуды байқап, Spirit ұшағының пилоттарына бағытын өзгерту туралы бірнеше рет қатаң ескерту жасаған. Тек төртінші рет қайталағаннан кейін ғана олар жауап қатқан", – делінген хабарламада.
Авиациялық қызметтердің мәліметінше, екі ұшақтың траекториясы Лонг-Айленд-Саунд бұғазының үстінде қиылысып қалған. Лайнерлер бір минут шамасында ғана айырмашылықпен өтті, жолаушылар ұшағы президент ұшағынан шамамен 2,7 шақырым төмен ұшып бара жатқан.
Spirit Airlines өкілдері рейс белгіленген тәртіп бойынша өткенін және ұшақ Бостонға сәтті қонғанын хабарлады.
Air Force One сол түні Лондон маңындағы Станстед әуежайына қонды. Дональд Трамп АҚШ елшісінің резиденциясына тоқтап, келесі күні Ұлыбритания королі ІІІ Чарльзбен кездесті.