Ғалымдар дабыл қақты: Бүгін Жерге қарай алып астероид ұшып келеді (ВИДЕО)

Бүгін, 10:59 / Arasha.kz
unsplash

Бүгін, 18 қыркүйекте жылдың ең ірі астероидтарының бірі 2025 FA22 Жерге жақын ұшып өтпек, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы Ресей Ғылым академиясының Ғарыш зерттеулері институты (ҒЗИ) мен Күн-жер физикасы институтының (КЖФИ) Күн астрономиясы зертханасының ғалымдары мәлімдеді.

"Жылдың ең ірі астероидтарының бірі – 2025 FA22 18 қыркүйекте Жерден Ай орбитасының диаметрінен сәл үлкен қашықтықта өтеді. Жерге ең жақын арақашықтығы шамамен таңғы 10:00-де (Астана уақыты бойынша 12:00) тіркелмек. Аспан денесінің орташа ені – 166 метр, ұзындығы – 290 метр. Оның массасы Челябі метеоритінен шамамен 1000 есе ауыр", – делінген институттың мәлімдемесінде.

Ғалымдардың айтуынша, Жерге қауіпті нысандар қатарына кіретін көптеген астероид сияқты бұл дененің де соқтығысу ықтималдығы өте аз.

"Жыл басында ол шамамен 0,01% деңгейінде бағаланған болатын. Ал қазір, Жерге жақындауына екі күн қалғанда, соқтығысу ықтималдығы нөлге тең десе болады. Өйткені осындай қысқа мерзімде астероидтың орбитасы түбегейлі өзгеруі өте қиын. Қазіргі траекториясы сақталса, ол Жер мен Айды айналып өтетініне кепілдік бар", – деді ғалымдар.

Ғалымдар биылғы жылы бұл аспан денесін "планетаға миллион шақырымнан аз қашықтықта өтетін ең ірі тас" деп атады.

"Адамзат тарихында мұндай көлемдегі метеориттердің Жерге түскені тіркелмеген. Белгілі барлық жағдайлар көлемі әлдеқайда кіші денелерге қатысты. Ең әйгілі Аризона кратері – массасы шамамен 10-100 есе кіші астероидтың құлауынан пайда болған", – деп атап өтті институт мамандары.

Ғалымдар соңғы рет мұндай жақындасу 1940 жылдың 17 қыркүйегінде болғанын еске салды.

"Егер осы жолғы өтуі сәтті аяқталса, келесі жақындасу 2173 жылдың қыркүйегінде күтіледі. Алайда орбитасына қарай, бұл тас бір күні Жерге құлап түсуі әбден мүмкін", – деп болжады ғалымдар.

Тэгтер:

жер Астероид ғаламшар